gototopgototop

www.korkyt.kz

  • Қазақша
  • Русский
  • English




 
 
 
 

«Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының көрме залы

E-mail Баспаға жіберу PDF
интересные фильмы в хорошем качестве онлайн
Joomla скачать

«Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының көрме залы 2011 жылдың 7-желтоқсанында ашылған. Көрме залына Сыр өңіріндегі археологиялық және тарихи-мәдени ескерткіштердің зерттелу тарихына, өлкеде өркендеген археологиялық мәдениеттерге байланысты дайындалған арнайы тақырыптық стендтер мен археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлер қойылған.

Орталықтың көрме залының мазмұны бірнеше бөлімнен тұрады:
I бөлім. Арал маңы археологиясының зерттелу тарихы.

Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы
КСРО Ғылым Академиясының Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы (ХАЭЭ) өз жұмысын 1937 жылы Амудария бойындағы хорезм өркениеті ескерткіштерін зерттеуден бастаған. 1946-1990 жж. аралығында ХАЭЭ Сыр өңірінде жан-жақты археологиялық зерттеулер жүргізіп, Сырдың төменгі ағысы бойынан неолит дәуірінен бастап, қола, темір, ортағасырлық кезеңдерге жататын жүздеген ескерткіштерді ашты.

Жанкент археологиялық экспедициясы
Жанкент археологиялық экспедициясы (ЖАЭ) өлкедегі археологиялық зерттеулерді жалғастыру мақсатында 2004 жылы Қызылорда қаласында өткен «Арал маңы археологиясы: жетістіктері мен перспективалары» атты халықаралық конференцияның шешімдеріне сәйкес Қорқыт Ата атындағы ҚМУ, РҒА Н.Н. Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институты, Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты арасында жасалған үшжақты келісім-шарт негізінде құрылды. 2005 жылдан бүгінге дейін ЖАЭ ортағасырлық Жанкент қаласы орнында тұрақты қазба жұмыстарын жүргізіп келеді.

Шірікрабат археологиялық экспедициясы
Шірікрабат археологиялық экспедициясы (ШРАЭ) Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты базасында жасақталған. 2004 жылдан бері ШРАЭ Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетімен бірігіп шірікрабат мәдениеті ескерткіштеріне зерттеулер жүргізіп келеді.

Арал археологиялық экспедициясы
Арал археологиялық экспедициясы (ААЭ) 2001 жылы Аралдың кепкен табанынан табылған археологиялық ескерткіштерге зерттеу жүргізу мақсатында Қорқыт Ата атындағы ҚМУ мен Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының мамандарынан жасақталды. 2001-2009 жж. аралығында ААЭ Арал-Асар қонысы мен Кердері кесенесіне қазба жұмыстарын жүргізді.

II бөлім. Шірікрабат мәдениеті
Бөлім шірікрабат мәдениеті ескерткіштері мен оларға жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижелеріне арналған. Ежелгі Шірікрабат қаласы Сырдарияның ескі арналарының бірі Жаңадарияның бойында, Қызылорда қаласынан оңтүстік-батысқа қарай 300 шақырым жерде Қармақшы ауданы территориясында орналасқан. Шірікрабат мәдениетінің ескерткіштері қатарына Бәбіш-мола, Баланды ескерткіштер кешені, Шірік-рабат қала қорымы, Іңкәрқала, Сеңгірқала ескерткіштері жатады. Шірікрабат мәдениетінің ескерткіштері 1946, 1848, 1851, 1957, 1958, 1960 жылдары ХАЭЭ тарапынан зерттелген. 2004 жылдан бастап Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты мен Қорқыт Ата атындағы ҚМУ мамандарынан жасақталған Шірікрабат археологиялық экспедициясы қазба жұмыстарын жүргізіп келеді.

III бөлім. Жетіасар мәдениеті
Жетіасар мәдениеті ерте ортағасырларда Сырдың төменгі ағысында өркендеген. Қаңлы мемлекетінің өмір сүрген кезеңіне сәйкес келетін бұл мәдениет ескерткіштері Сырдарияның ескі арнасының бірі Ескідариялық бойында орналасқан. Ескерткіштер б.з.б. I мж. соңы – б.з. IX ғ. басы аралығымен мерзімделеді. Бұл ескерткіштердің өзіндік ортақ ұқсастықтарына орай зерттеушілер бір мәдениетке топтастырып, олардың негізгі бөлігі шоғырланған Жетіасар мекенінің атымен жетіасар мәдениеті деп атаған. Ескерткіштерді 1946 жылы ХАЭЭ ашып, ондағы зерттеу жұмыстары 1990 жж. басына дейін жалғастырылды.

IV бөлім. Сыр бойындағы оғыз қалалары
Бөлім IX-XI ғғ. Сырдың төменгі ағысында өмір сүрген оғыз дәуірі ескерткіштеріне арналған. Оғыз кезеңі ескерткіштерінің ерекше бір тобы – Қуаңдария арнасы бойында орналасқан Жанкент, Кескен Күйік-қала, Күйік-қала қоныстары. Академик С.П. Толстов бұл ескерткіштер тобын географиялық орналасу ерекшелігіне орай «батпақтағы қалалар» деп атаған. Бөлімде ортағасырлық Жанкент қаласының зерттелуі мен зерттеу нәтижелеріне басым назар аударылған.
Жанкент – IX-XI ғасырларда Сырдың төменгі ағысында өмір сүрген Оғыз мемлекетінің астанасы. Қазіргі күні ол республикалық санаттағы ірі археологиялық ескерткiштердiң бiрінен саналады. Қала Қызылорда облысы Қазалы ауданына қарасты Өркендеу ауылынан 1,5 шақырым жерде орналасқан. Үлкен аумақты алып жатқан бұл ескерткіш құрылымы мен бекінісі жағынан өзімен замандас қоныстардан өте ерекшеленеді. Қала орнында Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-ң Жанкент археологиялық экспедициясы 2005 жылдан бері тұрақты қазба жұмыстарын жүргізіп келеді.
Оғыз дәуірі қалаларының екінші тобы Жаңадария және Іңкардария арналары бойында орналасқан. Ескерткіштердің бұл тобы «оңтүстік оғыз ескерткіштері» деп аталады. Олар 1959-1960 жж. С.П. Толстовтың жетекшілігімен ХАЭЭ-ның барлау отрядының зерттеулері нәтижесінде ашылған. Бұл ескерткіштер ортағасырларда Іңкәрдария және Жаңадария арналарының толуына орай IX-X ғғ. солтүстіктегі Жанкент аймағынан қоныс аударған оғыз тайпаларының тұрғызған қала жұрттары, елді мекендері, жеке усадьбалары мен мавзолейлері болып табылады. Олардың қатарына Женд, Сырлытам қала, Заңғар қала, Асанас, Орқала, Ақтөбе қала жұрты, Қожа қазған 2, Қожа қазған 3 елді мекендері және Сырлытам, Асанас мавзолейлері жатады.

V бөлім. Аралдың кепкен табанындағы ескерткіштер
Бөлім Аралдың кепкен табанынан ашылған ескерткіштерге арналған.

Арал-Асар қонысы Қызылорда қаласынан 370 шақырым солтүстік-батысқа қарай, Қаратерең ауылынан 65,2 км жерде орналасқан. Қоныстың жалпы көлемі 6 га.

Кердері кесенесі – Арал теңізінің кепкен табанында Барсакелмес аралының солтүстігінде 30 км орналасқан. Мавзолейдің жалпы көлемі 50 шаршы м, биіктігі 2,5 м. Ескерткіштің іргетас жоспары оның қабырғалары дүниенің төрт бұрышына бағытталып салынғандығын көрсетеді. Ұзындығы 23 м, ені 8м. Екі камералы бөлмелері – 5х5 м және 6х10 м. Мавзолейдің іргетасы 60х15х8 м үш жағы қашалып өңделген жергілікті тастан қаланған.

2001-2009 жж. Қорқыт Ата атындағы ҚМУ және Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының біріккен археологиялық экспедициясы аталған ескерткіштерде қазба жұмыстарын жүргізді. Ескерткіштерден табылған керамикалық бұйымдар оларды Алтын Орда дәуірімен (XIII-XIV ғғ.) мерзімдеуге мүмкіндік берді.

VI бөлім. Сыр өңіріндегі архитектуралық ескерткіштер.
Бөлім Сыр өңіріндегі архитектуралық ескерткіштерге арналған. Өлкедегі архитектуралық ескерткіштер құрылымына қарай кесенелер, мұнаралар және мешіттер деп бірнеше топтарға бөлінген. Ескерткіштердің суреттері жинақталып, келушілер назарына ұсынылған.

Көрме залына қойылған жәдігерлер:
антикалық Шірік-рабат қала қорымынан табылған қолөнер және тұрмыстық бұйымдар;

ортағасырлық Жанкент қаласынан табылған керамикалық, культтық және нумизматикалық материалдар;

ортағасырлық Сортөбе және Сырлытам-қала ескерткіштерінен алынған тұрмыстық бұйымдар;

Аралдың кепкен табанынан ашылған Aрал-асар қонысы мен Кердері мавзолейінен табылған жәдігерлер.


Сонымен қатар, орталықтың көрме залы қорында ХАЭЭ мұрағатынан алынған видео, фотоқұжаттар және археологиялық ескерткіштердің қалыптасуы мен таралуына қатысты карталардың электронды нұсқалары сақталған.

Орталықтың көрме залында қойылған өлкеміздің құнды мұраларымен танысуға, ой пікір бөлісіп, ұсыныс тілектеріңізді білдіруге болады.

Мекен жайымыз: Әйтеке би 29а, Қорқыт Ата атындағы ҚМУ,
«Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығының көрме залы.

 
 
 
 
left direction
right direction
Министерство здравоохранения Республики Казахстан
IPRbooks
KazKom
Финансовый центр
e-history.kz
G Global
Темпус
Қазақ Ұлттық Аграрлық Университеті
polpred.com -Обзор СМИ
Северо-Казахстанский государственный университет им.М.Козыбаева
Карагандинский Государственный Технический Университет
Электрондық үкімет