gototopgototop

www.korkyt.kz

  • Қазақша
  • Русский
  • English




 
 
Құрылым Ректор Әскери кафедра
 
 

Әскери кафедра

E-mail Баспаға жіберу PDF
интересные фильмы в хорошем качестве онлайн
Joomla скачать

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің әскери кафедрасы

1999 жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1282 қаулысын жүзеге асыру мақсатында 1999 жылдың 29 қарашасында Қорғаныс министрінің №190 және Білім және ғылым министрінің №57 біріккен бұйрығымен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде 2000-2001 оқу жылынан бастап әскери кафедра құрылды.
Бұл аймақта әскери кафедра алғаш рет ашылған болатын. Кафедраның ашылуына университеттің ректоры, т.ғ.д., профессор, Бисенов Қылышбай Алдабергенұлы көп ықпал жасады. Оның тікелей қатысуымен әскери кафедраға бөлек оқу ғимараты, жер көлемі бөлініп, оқу-жаттығу полигоны жабдықталды.
Әскери дайындық запастағы офицерлерді дайындау бағдарламасына сәйкес және төмендегідей әскери-есептегі мамандықтар (ӘЕМ) бойынша жүзеге асырылады:
-Жақыннан әрекет ететін тасымалданатын зениттік зымырандық кешендермен қаруланған бөлімшелерді жауынгерлік қолдану;
-Қаржымен қамтамасыз ету.

 

Әскери дайындықтың негізгі міндеттері мен мақсаты – Отанын жанындай сүйетін және мейірімділік рухымен тәрбиеленген, психологиялық тұрақты, батыл, тәртіпті, әскери құпияны сақтай білетін, жоғары адамгершілік қасиеттерге ие, сонымен қатар әскери міндеттерді атқаруға қажетті біліктілік пен дағдыны бойына сіңірген запастағы офицерлерді дайындау болып табылады.
Алғашқы жылдарда ұжымның бірігуі, материалдық – техникалық базаны қалыптастыру және дамыту оңайға соққан жоқ. Бұл орайда әскери кафедраның алғашқы бастығы подполковник Нұртасов Ерлан Ғайнұллаұлының ұйымдастырушылық қабілеті мен ізденімпаздығы, біліктілігі, университет басшылығының қолдауы арқасында, туындаған қиыншылықтардан алып шықты.
Кейінгі әскери кафедра бастықтары болған подполковник Қасымов Берік Бахытжанұлы және полковник Нуралиев Раджаб Турсунбаевич әскери кафедраның алға дамуына көп еңбектерін сіңірді.
2016 жылдың 08 қыркүйегінен бастап әскери кафедраны подполковник Увайдаев Нурсеит Утегенович басқаруда.
Оқу-тәрбие процесін қалыптастыруда және жетілдіруде кафедра бастығының орынбасары – оқу бөлімі бастығының қосқан үлесі зор. Алғаш бұл қызметті подполковник Пак Савелий Романович атқарды.
2003 жылдың қазанында оқу бөлімі бастығының міндетін атқарушылыққа запастағы полковник Мырзабай Абылай Еркінбайұлы келді. Оның басшылығымен әскери кафедрада барлық оқыту жүйесі жетілдірілді, оқытушылар ұжымы қалыптастырылды.
2004 жылдың қыркүйегінен бастап оқу бөлімін аға лейтенант Хошанов Нұрлан басқарды. Оның азғантай уақыт жасаған қызметі кезінде оқу-әдістемелік және ғылыми жұмыстардың сапасы көтерілді.
Кейінгі жылдары оқу бөлімі бастығы болып подполковник Қасымов Б. Б. және подполковник Увайдаев Н. У. қызмет атқарды, олар да кафедраның оқу-тәрбие, әдістемелік және ғылыми жұмыстарын дамытуға өз үлестерін қосты.
2016 жылдың 08 қыркүйегінен бастап әскери кафедра бастығының орынбасары – оқу бөлімінің бастығы болып майор Сеитов Нұрболат Кендебайұлы тағайындалды.
Оқытушы, отставкадағы майор Ердигаликов Биболат ұзақ жылдар бойы әскери кафедраның әскери-ғылыми жұмыстарына жауапты болып келеді. Осы уақыттар ішінде әскери кафедраның жеке құрамы әскери кафедраның және университеттің базасында ғылыми конференцияны, семинарларды, дөңгелек үстелдерді, кездесулерді ұйымдастырды және өткізді, сондай-ақ ғылыми жұмыстардың жинақтарын, ғылыми мақалаларды, оқыту құралдарын және басқаларды жасап шығарды.
Оқытушылар құрамы Ведомствоаралық, Республикалық және Халықаралық конференцияларға атсалысты. Ғылыми және басқа жұмыстар газет пен журнал беттерінде, сол сияқты интернетте жарияланады.
Оқытушылардың басшылығымен әскери кафедра студенттері бірнеше рет студенттік конференцияларға қатысты, инициативалық тақырыптарды және басқа жұмыстарды жасаумен айналысады.
Әскери кафедрада бұрын жұмыс істеген ассистент Герасев А.В. Л.Н. Толстой атындағы Тула мемлекеттік университетінің аспиранты болды.
Әскери кафедрада көп жылдар жұмыс атқарған подполковник Бурнаев Зуфар Русланович кандидаттық диссертацияны сапалы қорғады, қазіргі кезде ол Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінде қызмет атқаруда.
Әскери кафедрада шектеулі уақыт қызмет атқарған запастағы полковник Петроченков О. И. полигонды жетістікпен жабдықтау жұмыстарына өз ықпалын жасады.
Әскери кафедраның аяғынан тік тұруына және дамуына А. Досжанов, Ғ. Майгелдиева, А. Үмбетов, Р. Төлепов және басқалары өз үлестерін қосты.
Университет ректорының қолдауымен және кафедра бастықтарының басшылығымен әскери кафедра ұжымы өз полигонында 2002 жылдан бастап жылсайын бітіретін студенттермен далалық оқу-жаттығу жиындарын өткізіп келеді.
Полигонда ағымдағы практикалық сабақтарды өткізу және далалық оқу-жаттығу жиындарын өткізуден басқа, әскери бөлімдердің, медицина қызметкерлерінің, азаматтардың және басқалардың қатысуымен облыстық-территориялық төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатындағы жаттығу өткізілді.
Полигон орталықтандырылған сумен жабдықталған, негізгі оқу жиынына қажет объектілер: штаб, офицерлер жатақханасы, әскери палаткаларды орналастыратын алаңдар, спорттық алаң, жазғы асхана, курсанттардың жеке дайындығын және сабақтарды өткізуге арналған орындар, жуынатын кабиналар, жеткілікті жеке жуыну орындары, әжетхана, атыс жүргізу алаңы, тренажерлармен жаттығу алаңы, сонымен қатар атлетизмге, шешімділікке, батылдыққа жаттықтыру алаңы және т. б. бар. Полигонның аумағы оқшауланған, толық қоршалған және ағаштармен көгалдандырылған.
Барлық ауыртпалықтарды көтеріп, оқу-жаттығу, тәрбие және әлеуметтік-құқықтық, жалпы-спорттық және басқа да жұмыстарды өткізуде әскери кафедраның оқытушы - офицерлер құрамы мен оқу көмекші құрамының рөлі зор. Олар оқу бөлімінің бастығы - майор Сеитов Н. К., аға оқытушы - подполковник Бекниязов Б. М., оқытушы - отставкадағы майор Ердигаликов Б., оқытушы - майор Қошқаров Ж. Б., оқытушы - запастағы майор Кенжегулов С. М., әскери кафедра шебері - Елеукеева Э. Б., аға лаборант – Таңатқанова Б. М. және басқалары.

Жастарға әскери - кәсіби бағыт беру жұмыстары үнемі жүргізіледі. Бұл бағытта әскери кафедра офицерлері кафедраға бекітілген мектептер мен колледжде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Әскери кафедра құрылған сәттен бастап екі мамандық бойынша 2201 бітірушілер дайындалды, олардың 1834 адамы - «запастағы лейтенанттар» және 367 адам – «запастағы сержанттар».
2016 жылдан бастап әскери кафедрада «Қаржымен қамсыздандыру» мамандығы бойынша студент – қыздарды оқыту басталды.
Әскери кафедра қазіргі таңда студенттерге запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша сапалы әскери білім беруге және оқытушылар ұжымының кәсіби өсуіне жағдай жасалған университеттің бір құрылымы болып табылады.

Әскери кафедрада оқыту үшін студенттерді іріктеу тәртібі

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің әскери кафедрасында запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлық Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2016 жылғы 11 тамыздағы № 384 бұйрығымен бекітілген «Азаматтарды әскери қызметке даярлау қағидалары» бойынша жүргізіледі.
Әскери кафедрада оқыту үшін іріктеу конкурстық негізде жүргізіледі және ҚР ҚМ бекіткен және БҒД жыл сайын 1 наурызға дейін әскери кафедраға ұсынатын қабылдау жоспарының негізінде жүзеге асырылады.
Конкурсқа қатысуға әскери даярлыққа тартылатын жылы 27 жастан үлкен емес жастағы тек оқытудың күндізгі түрінде оқитын студенттер – Қазақстан Республикасының азаматы жіберіледі.
Оқитындарды іріктеу үшін конкурс мынадай төрт кезеңде жүзеге асырылады:
1) бірінші кезең – Әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу қағидаларына сәйкес медициналық куәландырудан өту;
2) екінші кезең – кәсіби-психологиялық тестілеуді өткізу;
3) үшінші кезең – дене даярлығын тексеру;
4) төртінші кезең – әскери кафедрада оқыту үшін студенттерді іріктеу жөніндегі комиссиясының (бұдан әрі – Іріктеу комиссиясы) отырысы.
Құжаттарды қабылдауды және конкурстың бірінші кезеңінен өткізуді ұйымдастыру әскери кафедраға жүктеледі.
Екінші, үшінші және төртінші кезеңдерді іріктеу комиссиясы өткізеді.
Конкурстың әрбір кезеңінен тек бір рет өтуге рұқсат беріледі. Алдыңғы кезеңнен өтпеген оқуға түсуші келесі кезеңге жіберілмейді.
Әскери кафедрада оқу үшін конкурсқа қатысуға ниет білдірген студент конкурстық іріктеуге қатысу үшін құжаттар тізбесіне сәйкес құжаттарды тапсырады.
Өтелмейтін және өтелетін негізде запастағы офицерлерді даярлау бағдарламасы бойынша оқыту үшін құжаттар бірінші және екінші курс студенттерінен (медициналық ЖОО-ларда екінші және үшінші курстан) қабылданады.
Студенттердің өтініштері әскери кафедраның іс жүргізу бөлімінде тіркеледі.
Құжаттарды қабылдауды әскери кафедра конкурсты өткізетін жылы 1 ақпаннан бастап жүзеге асырады және 15 мамырда аяқтайды. Құжаттар пакетін қабылдағаннан кейін әскери кафедра студентке құжаттарды қабылдағаны туралы қолхат береді.
Жетім балалар және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар ата-анасының біреуінің немесе екеуінің де балаға қамқорлығының болмау фактісін растайтын құжаттардың не қамқорлықты (қамқоршылықты) белгілеуді растайтын құжаттардың біреуінің түпнұсқасын және көшірмесін ұсынады.
Спорттық разрядын, орындаушылардың республикалық не халықаралық конкурсындағы, соңғы үш жыл ішіндегі жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадада, сондай-ақ жалпы білім беретін пәндер бойынша Президенттік не республикалық олимпиадада жүлделі орындарын растайтын құжаттары болған жағдайда қосымша ұсынылады.
Факультетте (институтта) оқитын студенттердің тізімдері ЖОО-лардың деканаттарында жасалады және құжаттарды қабылдау басталғанға дейін әскери кафедраға беріледі.
Медициналық куәландырудан өту үшін әскери кафедралар қабылданған құжаттар негізінде студенттерге Әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес әскери оқу орнына түсетін азаматтың ресімделген медициналық куәландыру картасын береді.
Медициналық куәландыру картасын студенттер медициналық куәландырудан өткеннен кейін іріктеу комиссиясының жұмысы басталғанға дейін 2 аптадан кешіктірмей әскери кафедраға тапсырады.
Әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес студенттер медициналық куәландыру басталғанға дейін медициналық комиссияға медициналық құжаттар тізбесіне сәйкес медициналық құжаттарды және медициналық комиссияға ұсынылатын медициналық зерттеулер нәтижелерін ұсынады.
Студенттердің кесте бойынша медициналық куәландырудан ұйымдасқан түрде өтуі конкурс өтетін жылы 1 ақпаннан бастап 31 наурызды қоса алғанда жүзеге асырылады.
Көрсетілген кезеңде медициналық куәландырудан өту кестесін әскери кафедра алдын ала жергілікті әскери басқару органымен келіседі. Кестеде көрсетілген мерзімде медициналық куәландыруға келмеген студенттер оны өздері өтеді.
Денсаулық жағдайы бойынша «жарамсыз» деп танылған немесе әскери кафедраға медициналық куәландыру картасын ұсынбаған студенттер конкурстың I кезеңінен өтпеген болып есептеледі.
Іріктеу комиссиясының құрамы және жұмыс істеу мерзімдері Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығымен айқындалады. Іріктеу комиссиясының құрамына мыналар енгізіледі:
1) төраға – ҚР ҚМ өкілі;
2) төраға орынбасары – ЖОО әскери кафедрасының бастығы; комиссия мүшелері:
3) ЖОО оқу (оқу-әдістемелік) бөлімшесінің өкілі (келісу бойынша);
4) АОСК өкілі немесе әскери кафедра бекітілген әскери бөлімнің (мекеменің) дене дайындығы және спорт үшін жауаптысы, олар болмаған жағдайда ЖОО-ның дене тәрбиесі және спорт кафедрасының өкілі;
5) ЖОО әскери кафедрасының оқытушысы;
6) комиссия хатшысы – ЖОО әскери кафедрасының өкілі.
Әскери кафедралар іріктеу комиссиясының құрамы бойынша ұсыныстарды БҒД-ға оқуға қабылдау жылы 20 сәуірден кешіктірмей жолдайды.
Студенттерді кәсіби-психологиялық тестілеуді іріктеу комиссиясы ЖОО-ның компьютерлік сыныптарында өткізеді және ол дәйектеу, күйзеліске тұрақтылық, сын тұрғысынан және логикалық ойлау деңгейін тексеруді қамтиды.
Кәсіби-психологиялық тестілеу нәтижелері бойынша ұсынылмаған студенттер конкурстың екінші кезеңінен өтпеген болып есептеледі.
Студенттердің дене даярлығын тексеру студент жігіттер үшін дене даярлығы бойынша нормативтерді қабылдауды қамтиды.
Үш нормативті тапсыру сомасы бойынша 8 балл жинамаған студенттер (қанағаттанғысыз баға нөл балл ретінде есептеледі) конкурстың үшінші кезеңінен өтпеген болып есептеледі.
Кәсіби-психологиялық іріктеуді өткізу және дене даярлығын тексеру нәтижелерінің деректері комиссия мүшелері қол қоятын ведомостарға енгізіледі.
ЖОО-ның офис-тіркегіші іріктеу комиссиясына өткен оқыту кезеңі үшін орташа үлгерім балын (GPA) іріктеу комиссиясының жұмысы аяқталғанға дейін үш күннен кешіктірмей береді.
Конкурстық іріктеу рейтингтік балды есептеу кестесі бойынша есептелген рейтингілік балл бойынша жүзеге асырылады, оны БҒД іріктеу комиссиясының жұмысы басталғанға дейін жолдайды.
Іріктеу комиссиясының отырыстары іріктеу комиссиясының төрағасы бекітетін жұмыс жоспарына сәйкес өткізіледі және «әскери даярлыққа тартылсын», «өтелетін негізде оқыту үшін ұсынылсын», «бас тартылсын» деген шешімдердің түрлерін қабылдаумен ЖОО-ның әскери кафедрасына әскери даярлыққа тарту үшін студенттерді іріктеу жөніндегі конкурстық комиссия отырысының хаттамасы ресімделеді.
Шешім басым дауыспен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда іріктеу комиссиясы төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
Өтелмейтін негізде оқыту үшін әскери кафедраға бірінші нөмірден бастап қабылдау жоспары бойынша бөлінген орындардың тиісті санының нөміріне дейінгі рейтингіде тұрған студенттер тартылады.
Сол бойынша іріктеу комиссиясы «әскери даярлыққа тартылсын» деген шешім шығарады.
Студенттерді әскери даярлыққа тарту, оларды қару-жарақпен және әскери техникамен, әдебиетпен және «қызмет бабында пайдалану үшін» белгісі бар құжаттармен жұмыс істеуге рұқсат беру хаттама негізінде ЖОО басшысының бұйрығымен мынадай мерзімдерге жүргізіледі:
өтелмейтін негізде оқыту үшін – іріктеу комиссиясының жұмысы аяқталғаннан кейін 3 жұмыс күні ішінде;
өтелетін негізде оқыту үшін – студенттің өтелетін негізде оқуға ниеті туралы өтініш жазғаннан кейін оқу жылы басталғаннан бастап 10 жұмыс күнінің ішінде.
Хаттама үш данада жасалады. Атқарылған жұмыс туралы есебі бар бірінші данасы БҒД-ға, екіншісі қарамағында ЖОО тұрған Министрлікке (ведомствоға) жолданады, үшіншісі ЖОО-да қалады.
Кәсіби-психологиялық іріктеуден өту немесе дене даярлығын тексеру нәтижелерімен келіспейтін студент сол күні іріктеу комиссиясының төрағасына еркін үлгіде жазбаша өтінішпен арыз білдіреді.
Өтініш мәні бойынша хаттамамен ресімделген іріктеу комиссиясының шешімі өтініш түскен күннен бастап 1 күнтізбелік күн ішінде шығарылады.
Конкурс нәтижелері іріктеу комиссиясының жұмысы аяқталғаннан кейін келесі күні сағат 17.00-ге дейін әскери кафедраның ақпараттық стендіне орналастырылады.

 

Әскери кафедрадағы оқу үдерісі

Оқитындардың әскери даярлығы «әскери күн» әдісімен ұйымдастырылады және жүзеге асырылады. Нақты ЖОО-ның оқыту ерекшелігін ескере отырып, әскери даярлықты ұйымдастырудың басқа түрі белгіленуі мүмкін.
Оқу үдерісі әскери кафедралардың негізгі қызмет түрі болып табылады және барлық оқу сабақтарының түрлерін жоспарлауды, ұйымдастыруды және өткізуді, ағымдағы бақылауды, сынақ-емтихан сессиясы мен бітіру емтиханын, студенттердің оқу материалын меңгеруін қамтиды.
Әскери кафедраларда кредиттік оқыту технологиясын іске асырмай студенттердің оқу жетістіктерін бағалаудың балдық-рейтингілік жүйесі пайдаланылады. Студенттердің оқу жетістіктерінің балдық-рейтингілік жүйесі туралы ережені әскери кафедра әзірлейді және әскери кафедра бастығы бекітеді.
Оқу үдерісінің ұйымдастырушысы және басшысы әскери кафедраның бастығы болып табылады.

Оқу-жаттығу жиынын (кәсіби практиканы) өткізу тәртібі


Оқитындардың оқу-жаттығу жиыны (кәсіби практикасы) әскери даярлаудың соңғы кезеңі болып табылады. Олар студенттерді практикалық оқыту және олардың оқу орындарында әскери даярлық курсын зерделеу кезінде алған командалық және әдістемелік дағдыларын жетілдіру мақсатында әскери бөлімдердің (мекемелердің), әскери оқу орындары мен ЖОО-лардың оқу материалдық-техникалық базасы пайдалана отырып өткізіледі, оқу-жаттығу атыстарының жаттығулары, машиналарды жүргізу және басқа да оқу-жаттығу-жауынгерлік тапсырмалары орындалады.
Запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша оқитын студенттер үшін оқу-жаттығу жиыны (кәсіби практика) мынадай 2 кезеңде өткізіледі:
бірінші кезең – әскери кафедра базасында 90 академиялық сағат;
екінші кезең – ҚР ҚМ бұйрығына сәйкес әскери бөлімдердің, әскери оқу орындарының оқу материалдық-техникалық базасын пайдалана отырып, 138 академиялық сағат.
Оқитын қыздар оқу-жаттығу жиынына тартылмайды, олар үшін алатын әскери-есептік мамандық бойынша кәсіби практика ұйымдастырылады. Кәсіби практикадан өту кезеңінде оқитын қыз балалар оқу-жаттығу атыстарының жаттығуларын орындайды және әскери ант қабылдайды.
Оқу-жаттығу жиыны (кәсіби практика) ЖОО-ны бітіргенге дейін бір жыл бұрын өткізіледі. Оқитындарға оқу-жаттығу жиынын (кәсіби практиканы) өтуге кедергі болған дәлелді себептер (науқастануы, отбасы, қызметтік жағдайлар бойынша) бар болған жағдайда, сондай-ақ колледжді бітіргеннен кейін әскери кафедрада оқитын студенттер үшін олардың ЖОО-ны бітіретін жылы өтуіне рұқсат етіледі.
Запастағы офицерлерді даярлау бағдарламасы бойынша оқитын студенттердің оқу-жаттығу жиынын (кәсіби практикасын) өткізуге кемінде 34 күнтізбелік күн бөлінеді.
Оқу-жаттығуды (кәсіби практиканы) өткізудің нақты мерзімдері мен орны жыл сайын Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығымен бекітіледі.
Оқу-жаттығу жиынының (кәсіби практиканың) алдында студенттерді медициналық куәландыруды Әскери-дәрігерлік сараптаманы жүргізу қағидаларына сәйкес облыстардың (республикалық (облыстық) маңызы бар қалалар және астана) тұрақты әрекеттегі медициналық комиссиясы өткізеді.
Денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған адамдар оқу-жаттығу жиынына (кәсіби практикаға) жіберілмейді.
Оқу-жаттығу жиынының барысында оқитындардан әскери антты қабылдауды дайындау бойынша қажетті жұмыс жүргізіледі. Әскери антты оқу-жаттығу жиыны (кәсіби практика) 2 кезеңінің бірінші жартысында бұдан бұрын әскери ант қабылдамаған оқитындар қабылдайды.
Оқу-жаттығу жиыны аяқталғаннан кейін бөлімше командирлері әр студентке қызметтік мінездеме жасайды.

Студенттерді әскери даярлықтан шеттету, оқыту түрін өзгерту, ауыстыру және қайта қабылдау


Әскери даярлықтан шеттету Қазақстан Республикасының заңнамасына және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2016 жылғы 11 тамыздағы № 384 бұйрығына сәйкес ЖОО басшысының бұйрығымен жүзеге асырылады.
Оқитындар әскери даярлықтан:
1) үлгермеушілігі;
2) ішкі тәртіп қағидаларын бұзғаны үшін;
3) науқастануы, отбасы және қызметтік жағдайлар бойынша босатуларды қоспағанда академиялық кезең ішінде оқу сабақтарының 16 сағатын босатуы;
4) өзінің тілегі;
5) денсаулық жағдайы;
6) оқу үшін төлем жасамау бойынша шеттетіледі.
1)-5) тармақшасы бойынша шеттетілген оқитындар әскери даярлыққа қайта қабылданбайды.
Әскери даярлыққа қайта қабылдану құқығы тек оқуға төлем жасамағаны үшін шеттетілген оқитындарда бар. Олар шеттету туралы бұйрық шыққан сәттен бастап екі апта ішінде оқу үшін төлем жасаған кезде қайта қабылданады.
Студентті қайта қабылдау және ауыстыру ЖОО басшысының бұйрығымен жүргізіледі.
Өтелетін оқыту түрінен өтелмейтін оқыту түріне ауыстыру барлық оқыту кезеңі үдерісінде әскери кафедра бастығының ұсынуы бойынша ЖОО басшысының бұйрығымен жүргізіледі.
Үлгерімі жақсы студенттерді көтермелеу үшін ЖОО басшысы өтелетін негізде әскери кафедрада оқыту құнын өтеу тәртібін белгілейді.
Өтелетін оқыту түрінен өтелмейтін оқыту түріне ауысу: әскери даярлыққа тарту үшін іріктеу комиссиясы отырысының хаттамасына сәйкес оқуға түсу кезінде жинаған рейтингілік балы бойынша әскери кафедрада оқытудың бірінші жылы ішінде жүзеге асырылады;
Екінші жыл ішінде – әскери кафедрадағы оқудың бірінші жылының нәтижелері бойынша.
Ауыстыруға ұсынылған кандидатура әскери кафедраның отырысында қаралады.
Әскери даярлықтан өтіп жатқан және ЖОО басшысының бұйрығымен оқу үшін басқа ЖОО-ға (оның ішінде шет мемлекеттердің) жіберілген студенттер академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша оқыту кезеңінде әскери даярлықтан шеттетілмейді.
Осы студенттер үшін ЖОО-ға келгеннен кейін әскери даярлық бағдарламасынан өтудің жеке кестесі жасалады, оны әскери кафедра бастығы бекітеді.
ЖОО академиялық демалыс берген оқитындар академиялық демалыста болу уақытында әскери даярлықтан шеттетіледі. Академиялық демалыстың мерзімі аяқталуы бойынша мұндай оқитындар ЖОО басшысының бұйрығымен әскери кафедраға қайта қабылданады.
Мемлекеттік тапсырыс бойынша немесе өтелетін негізде әскери кафедрада оқитынды бір ЖОО-дан басқаға ауыстыру ол бұдан бұрын оқыған әскери-есептік мамандық бойынша жүзеге асырылады.
Ауысу өтелетін негізде оқуды жалғастыру үшін мүмкін болады.
Осы әскери-есептік мамандық бойынша кандидаттар болмаған жағдайда өтелмейтін негізде оқыту үшін бос орын бар деп есептеледі.
БҒД-мен және қарамағында осы ЖОО-лар бар министрліктермен келісу бойынша әскери кафедраға ауыстырылатын студентті әскери кафедраға оқуға қабылдау ЖОО басшысының бұйрығымен жүзеге асырылады.

 

Әскери кафедраның байланыс телефондары: (87242)276052, (87242)276167.
тел. факс (87242)277215

Соңғы өзгерістерді 2017 жылдың 10 қаңтарында отставкадағы майор Б. Ердигаликов енгізді.

 
 
 
 
left direction
right direction
Министерство здравоохранения Республики Казахстан
IPRbooks
KazKom
Финансовый центр
e-history.kz
G Global
Темпус
Қазақ Ұлттық Аграрлық Университеті
polpred.com -Обзор СМИ
Северо-Казахстанский государственный университет им.М.Козыбаева
Карагандинский Государственный Технический Университет
Электрондық үкімет